16 қаң, 2026 сағат 17:44

Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашып зорлаған: полиция іс қозғады

Фото: ашық дереккөз

Шымкентте кәмелетке толмаған қызды бейтаныс ер адам әйелдікке алып қашып кеткен. Үйіне әкелген соң, отбасындағы егде жастағы әйелдер ұялы телефонын тартып алып, өз еркімен келгені туралы қолхат жазғызуға тырысқан, деп хабарлайды Ult.kz.

Қыздың сөзінше, 4 жігіт оны күштеп көлікке отырғызып, кейін Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарай жол тартқан.

«Менің жасым 17-де, Шымкент қаласының тұрғынымын. Студентпін әрі көп балалы отбасыдан шыққанмын. Мені бұрын-cоңды көрмеген ер адам алып қашып кетті, жолдың бойында белгісіз жігіттер күштеп көлікке тығып, белгісіз аймаққа қарай жөнелді. Олар мені әйел қылып алмақшы болған. Ол жаққа барғанда үлкен кісілер, туыс-туғандары жүрді. От-шашу атып, қолына телефон ұстап, камераға түсіріп жүрген адамдар көп болды», – деді жәбірленуші қыз.


Қыз оларға әлі кәмелеттік жасқа толмағанын және бұл туралы ата-анасына хабарлау керектігін айтқанымен, әулеттің үлкендері оны күштеп көліктен шығарып, үйге кіргізген.

«Үйге кіргеннен кейін менің ұялы телефонымды бермейтіндерін және өз еркіммен ол жаққа барғаным туралы қолхат жаздыртып алмақшы болды. Егер оны жазбайтын болсам, телефонымды бермейтіндерін айтты. Маған қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытты. Қолхат жазбайтынымды білгеннен кейін мені жыныстық қатынасқа мәжібүрледі. Олар дәстүр сондай, бұл үйден пәк болып шықпауым керек екенін түсіндірді. Әрі қарай оқуға бармайтынымды және бұл үйден мүлдем шықпайтынымды айтты. Егер жыныстық қатынасқа түспеген жағдайда — үйге қамап ұстап отыра беретіндерін жеткізді», – деді ол.


Қыздың айтуынша, алып қашқан ер адам оны жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Артынша ол қан болған сейсепті алып кетіп, басқа бөлмеде отырған жеңгелерінен сүйінші сұрап, тойлатып кеткен.

«Зорлықтан кейін қандай хәлде болғанымды ешкім қараған да жоқ, ешкімге қызық болмады. Олар өздерінің дегендеріне жеткеннен кейін, көп ұзамай мен ол жақтан қашып кеттім».



Өз сөзінде қыз құзырлы органдар ештеңе істемегенін, ешкімнің жауапқа тартылмағанын айтып, шағымданды.

Шымкент ІІМ қыздың арызы бойынша ҚР ҚК-нің 125-1 бабымен «некеге тұруға мәжбүрлеу» қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Барлық қатысушылар полиция басқармасына жеткізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданатын болады. Заң талаптарын бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде жауапкершілікке тартылады", - делінген хабарламада.