19 жел, 2025 сағат 11:20

Жетісу облысында Мәдениет үйін жөндеуге бөлінген 212 млн теңгеден астам қаржы жымқырылған

Фото: ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Белгілі болғандай, 2020 жылы Ескелді ауданының ішкі саясат бөлімі мен мердігер ұйым арасында Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге 753 млн теңге сомасына келісімшарт жасалған. Құжатқа сәйкес, нысан 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда бүгінгі күнге дейін ғимарат іске қосылмаған.

Тергеу барысында бұрын қабылданып, төлемі жүргізілген бірқатар жұмыстардың іс жүзінде орындалмағаны анықталды. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген залал көлемі 212 млн теңгеден асқан.

Қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың мүлкіне шектеу қойылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.