21 қаң, 2026 сағат 16:40

БҚО тұрғыны қардан Ақорданың көшірмесін жасады

Фото: Instagram.com

Батыс Қазақстан облысының Достық ауылының тұрғыны Надир Қуанаев қардан Ақорда ғимаратының көшірмесін жасап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Ult.kz.

Автордың айтуынша, бұл туындыны жасаудағы басты мақсаты – өнер арқылы жастарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін жеткізу.

— Болашақ жастардың қолында. Сондықтан жас буынды білім алуға, жаңа дағдыларды меңгеруге ынталандырғым келді. Еңбек етіп, талпынсаң, кез келген мақсатқа жетуге болады, — дейді Надир Қуанаев.


Ол бұл мүсін өзінің бұрын жасаған жұмыстарының ішіндегі ең күрделілерінің бірі болғанын айтады. Соған қарамастан, қиындықтарға мойымай, істі соңына дейін жеткізген.

Айта кетейік, Надир Қуанаев бұған дейін де қардан жасаған ерекше туындыларымен елді бірнеше рет таңғалдырған. Ол бұрын қала мешітінің, полиция көлігінің, жарыс автомобилінің және өзге де түрлі мүсіндердің қардан жасалған көшірмелерін ұсынған.