08 мау, 2017 сағат 08:01

А.Әшімовтің құрметіне Бірінші Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі өтеді

А. Әшімов – ұлттық өнердің үлкен қайраткері. А. Әшімов халықтың ортасынан іріктеліп шыққан "самородок сары алтын", қайталанбас ғажайып, дарын иелерінен өнеге ала отырып,  дәстүрді жаңғырта жалғастырған атақты "алпысыншы жылғылар" буынының аса көрнекті өкілі. Осы орайда, ол рухани екі бастаудан нәр алып, мейір қандырған деуге болады. Оның бірі –  ұлттық сахна өнерінің іргетасын қалаған толқыннан дарыған мейлінше, төлтума халықтық рух, сұлулық  туралы дәстүрлі арман-аңсар (идеал). Екіншісі –  бүгінгі талғам-таным, негізінен еуропалық үрдістегі кәнігі-кәсіби білім мен тәжірибе және де жұрт барынша мойындаған жаңалықтың өзін жүрек сүзгісінен өткізіп, тек өзінше зерделеуге бастайтын тағылымдарға ғана ден қою қасиеті.

Дарын тегеуріні көп  қырлы А. Әшімов – қазақ театры мен киносында эпикалық романтикадан бастап қатаң реализм, драмалық трагедиядан бастап әлеуметтік сарказмге дейінгі аяда тұлғаланған кейіпкерлердің тұтас галереясын жасаған актер. Театрда негізінен басты рольдерді сомдаған көрнекті сахнагер М. Әуезовтің "Абайында" Айдар, Керім, "Еңлік-Кебегінде" Кебек, "Қара қыпшақ Қобыландысында" Айшуақ, "Таңғы жаңғырығында" Жарасбай, Ғ. Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлуында" Қодар, Н. Хикметтің "Елеусіз қалған есіл ерінде" ассистент, Қ.Мұхамеджановтың "Жат елде" драмасында Асан ақын, Т. Ахтановтың "Боранында" Қасболат, Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджановтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич, Ә. Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламан, Ә. Таразидің "Күлмейтін комедиясында" Сәнжан, И. Вовнянконың "Апатында" Асан қарт, Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь, М. Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан, тағы да басқа көптеген рольдерімен ұлттық актерлік мектептің сапалық өзгеріске түсуіне айрықша үлес қосты. Ал, А. Әшімовтің қара шаңырақ сахнасындағы күрделі соңғы жұмысы – Г. Гауптманның "Ымырттағы  махаббат" драмасындағы доктор Клаузен.

А. Әшімов қазақ кино өнерін жаңа белеске көтеру жолында көп еңбек сіңірді. Ұлттық киномыздың төлқұжатындай болған "Қыз Жібекте" далалық сері деңгейінде тұлғаланған Бекежан, "Атаманның ақыры" мен "Транссібір жүрдек пойызында" Қасымхан Шадияров рольдері оның есімін Қазақстанмен қатар, шет мемлекеттерде де танымал етті. Отыздан аса фильмге түскен актердің "Ботагөзде" Кенжетай, "Бір ауданда" Бектасов, "Ән қанатында" Қаймен, "Жаушыда" Қаражал, "Нан дәмінде" Директор, "Қазақы оқиғада" Өмірбай шал, "Сіз кімсіз К.мырза?" фильміндегі К. мырза, сондай-ақ, Б. Мансұровтың көп сериялы "Бұлғарлар туралы баян" фильмінде Шыңғысхан, тағы да басқа рольдері де дара.

Шығармашылық терең ойшылдықтың бір ғана өмір сүру тәсілі бар. Ол  – тынымсыз еңбек, рухани ізденістер және қарекетшілдік. А. Әшімовтің театр мен кинода бірдей режиссерлікке ден қоюы, сөз жоқ, суреткер ретіндегі ішкі сұранысының нәтижесі. Оның театр сахнасында "Ақбілек" (Ж. Аймауытов), "Амангелді" (Ғ. Мүсірепов), "Бөлтірік бөрік астында" (Қ. Мұхамеджанов), "Мен ішпеген у бар ма?"(И. Оразбаев), "Қаза мен жаза" (И. Вовнянко); "Ревизор" (Гоголь),"Фархад-Шырын" (Н. Хикмет), "Дон Жуанның думаны" (М. Фриш), "Сұлтан болсам егер мен..." (С. Ваннус) спектакльдерін; кино саласында "Аждаһа жылы", төрт сериялы "Шоқан Уәлиханов", екі сериялы "Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Жусанның иісі", "Тұзды көл жағасындағы үй" көркем фильмдерін сахналауы  суреткерлік сергектіктің жарқын көрінісі.

Ұлттық өнердің көрнекті тұлғасы, көзі тірісінде аңыз адамға айналып, халықтың сый-құрметіне бөленген дарабоз тұлға А.Әшімов   биыл мерейлі 80 жасқа толып, Әуезов  театрында  дүркіреген  той  болып  өтті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған  А.Әшімұлының құрметіне арналған  мерекелік шаралар  шектелмек емес...

Ел өміріндегі маңызды шара  «Экспо-2017» Халықаралық мамандандырылған көрме аясында 17-26 маусым  күндері  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен А.Әшімовтің  80  жылдығына арналған  I  Дүниежүзілік  «Астана» театр  фестивалі өткізілгелі отыр.  

17 маусым күні  сағ. 17.00 де «Бейбітшілік және келісім»  сарайында фестивальдің  ашылу салтанаты өтеді.

Фестивальдің мақсаты   – қазақ көрермендерін әлем  театрларының заманауи тынысымен таныстыру, театр өнерінің бүгінгі заманауи үрдісіндегі танымал ұжымдармен шығармашылық байланыс орнату,  халықаралық деңгейдегі  озық үлгідегі  театр өнерінің жаңа тенденцияларын көрсету, тәжірибе алмасу. Фестиваль Қазақстанның мәдени астанасы және әлемдік мәдениеттің орталығы ретінде Астана имиджін таныстыру арқылы Халықаралық мәдени байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.

Фестиваль аясында А.Чехов атындағы Мәскеу Көркем театры (Ресей), Шота Руставели атындағы Грузия Мемлекеттік академиялық театры, Мулькел театры (Оңтүстік Корея), Янка Купала атындағы театр (Белоруссия), Берлин драма театры мен Қытай ұлттық театры сынды ұжымдар өнер көрсетеді.

Әуезов театрының репертуарындағы  кемеңгер билеуші, тағдыры күрделі тұлға Сұлтан Бейбарыстың  өмірінен сыр шертетін Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» тарихи драмасы (реж.Ю.Ханинго-Бекназар ) фестиваль аясында  әлем жұртшылығының назарына ұсынылатын  болады.