02 сәу, 2024 сағат 15:59

1 мамырда жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады – министр


Фото: dom.kz


Қазақстанда 7%-тік жаңа ипотекалық бағдарлама бір айдан кейін басталады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.


"Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін қазір "Отбасы банк" 300 миллиард теңге тартып жатыр. Бұл бағдарламаның жалпы сомасы. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ставка 7%-тен аспайды. 1 мамыр күні біз бағдарламаның барлық шартын жариялаймыз. Бағдарлама 1 мамырда басталады", - деді Шарлапаев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.


Бұған дейін Атырауда өткен ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алуды тапсырған еді. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет, деді президент.