18 ақп, 2025 сағат 13:03

100 млрд тг: Ақылы жолдан түскен ақша қайда кетіп жатыр

Фото: Inbusiness.kz

Қазақстанда ақылы жолдардың саны жылдан жылға артып келеді. Бірақ жүргізушілер төлеген ақшаларының қайда жұмсалатынынан бейхабар. Бұл сұраққа Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі жауап берді, деп хабарлайды Ult.kz.

"QazAvtoJol" қаржыны қалай пайдаланады?

Министрлік мәліметінше, елдегі барлық ақылы жолдарды «QazAvtoJol» ұлттық операторы басқарады. Жол пайдаланушыларынан түскен қаражат осы оператордың арнайы есепшотына түсіп, 100% мемлекет меншігіне тиесілі.

"Түскен қаржы жолдарды күтіп ұстау, қажетті техника сатып алу және басқа да шығындарға жұмсалады. Ақша басқа мақсаттарға пайдаланылмайды", — деп түсіндірді Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы.


Өткен жылдың қаржысы қалай жұмсалды?

Өткен жылы ақылы жолдардан 48 млрд теңге табыс түскен. Оның 70%-ы жолдарды нормативке сай күтіп ұстауға жұмсалған. Бұл қаржыны қыс мезгілінде қар тазалауға, жазда қоқыстарды жинауға қажетті техникаларды жалға алуға және оларды күтуге жұмсаған. Ал қалған 30%-ына жаңа техникалар сатып алынған.

Жоспарлар мен болжамдар

Биыл министрлік ақылы жолдардың ұзындығын 7 мың шақырымға жеткізуді жоспарлап отыр. Жаңа енгізілген 4 мың шақырым жол қосылады. Сонымен қатар, биыл ақылы жолдардан 60 миллиард теңге, ал келесі жылы 100 миллиард теңге табыс түседі деп болжануда.

Қаржының артылған бөлігі қайда жұмсалады?

Ғабит Шымырбаевтың айтуынша, ақылы жолдардан түскен қаржы негізінен жолдарды күтіп ұстауға жеткілікті. Бірақ қаржы артық қалған жағдайда, ол кезең-кезеңімен жаңа жолдар салуға жұмсалатын болады.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаражат бірінші кезекте жолдарды күтіп ұстауға, екінші кезекте техника сатып алуға бағытталады. Ал егер осы шығындардан қаржы артылса, жаңа жолдар салуға пайдаланамыз", — деді Шымырбаев.