31 шіл, 2025 сағат 10:22

11 тамыздан бастап жаңа бизнес-идеяларға грант беру басталады – 4 873 адамға қолдау көрсетіледі

Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың 11 тамызынан бастап Business.enbek.kz порталында 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылданады, деп хабарлайды Ult.kz.

🔹 Грант мөлшері – 400 АЕК немесе 1 572 800 теңге. Ол бір рет беріледі және тек жаңа бизнесті бастау мен дамыту мақсатында қолданылады.

🔹 2-лек бойынша республика көлемінде 4 873 адамға грант беріледі.

Өтінім беру тәртібі:

– Порталда тіркелу
– Грант шарттарына сәйкестігін тексеру
– Бизнес-жоспар үлгісін толтыру
– Өтінішті ЭЦҚ арқылы растау

Интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар мансап орталықтары мен ХҚКО-лардың өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім бере алады.

Кімдер үміткер бола алады?

  • Тіркелген жұмыссыздар

  • Жеке кәсіпкерлер (тіркелген мерзімі 3 жылға дейін)
    Сонымен қатар үміткерлер төмендегі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:

  • Мүгедектігі бар адамдар

  • Көпбалалы отбасы мүшелері

  • Аз қамтылған отбасы мүшелері

  • Қандастар

  • Қоныс аударушылар

  • Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана

  • Асыраушысынан айырылғандарға арналған жәрдемақы алушылар

Үміткерде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша соңғы 3 жыл ішінде берілген оқу сертификаты болуы қажет.

Грантты неге жұмсауға болады?

  • Құрал-саймандар, жабдықтар, тұқым, көшет, мал, құс сатып алуға

  • Жай жалдау ақысына

Грант қаражатын жер теліміне, тұрғын үй сатып алуға, несие жабуға және акцизделетін өнім өндіруге пайдалануға болмайды.

Қалай шешім қабылданады?

Аудандық/қалалық комиссия үміткердің бизнес-жоспарын мына критерийлер бойынша бағалайды:

  • Идеяның бәсекеге қабілеттілігі

  • Өткізу нарығының нақтылығы

  • Қаржылық өміршеңдік

  • Жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті

Комиссия шешімі порталдағы жеке кабинетке жолданады. Оң шешім қабылданса, үміткер шартқа онлайн қол қойып, есеп беруін де электронды түрде тапсырады.