Фото: ашық дереккөз
13 маусым кешінен бастап Израиль төрт рет шабуылға ұшырады: Тель-Авив, Иерусалим, Беэр-Шева, Гуш-Дан және басқа да қалаларда жарылыстар болды. Жарылыстар Иран аумағында да тіркелді, деп хабарлайды Ult.kz.
Израильдің N12 телеарнасы алғашқы үш шабуыл толқынынан кейін Иран 150–200 ракета ұшырды деп хабарлады. Кейінірек Израиль Қорғаныс армиясы шамамен 100 ракета атылғанын растады, олардың көпшілігі бөгеліп, нысаналарға жетпегенімен, ЦАХАЛ соққылардың бір бөлігі діттеген жеріне тигенін мәлімдеді. Төртінші толқында Иран ондаған зымыранды Израильге бағыттаған.
Ислам революциясы корпусы бас қолбасшысының кеңесшісі, генерал Ахмад Вахиди Иран 150-ден астам нысанға соққы жасағанын айтты. Бұған Израильдің F-35, F-16 және F-15 жойғыш ұшақтары, жанармай құю және жүк таситын ұшақтары орналасқан әуе базалары, сондай-ақ осы базалардағы басқару орталықтары мен радиоэлектрондық соғыс жүйелері кірген. Сонымен қатар, Израильдің зымыран жасау орталықтары мен басқа әскери-өнеркәсіптік нысандарына да соққылар жасалған. КСИР қолбасшысының айтуынша, Иран баллистикалық ракеталарды тіпті суасты қайықтарынан да ұшырған. Ирандық ракеталардың ондағаны өз нысаналарына дәл тиген.
АҚШ Иранның шабуылына қарсы тұруда Израильге көмек көрсеткен. The Washington Post басылымының мәліметінше, Patriot және THAAD зымыранға қарсы жүйелері пайдаланылған. CNN дерегінше, Иран Израильді қорғайтын кез келген елдің базаларына соққы жасайтынын ескерткен.
Израильдегі адам шығыны туралы ақпарат әртүрлі. Ynet 2 адам қаза тапқанын, 20-ға жуық адам ауруханаға жеткізілгенін хабарлайды. Jerusalem Post кемінде 63 адам жараланғанын, бір адамның қайтыс болғанын жазады. Кемінде алты ғимарат зақымданған. Тель-Авив округінің қолбасшысы Иранның соққысы "материалдық жағынан орасан зор шығын әкелгенін" мәлімдеді.
Ирандық Mehr агенттігі ел аумағында құлаған Израильдің F-35 жойғыш ұшағының фотосын жариялады. Иран армиясы екі жойғышты атып түсіргенін айтса, ЦАХАЛ бұл мәліметті, сондай-ақ ұшқыштың тұтқындалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Иранның Исфахан қаласында, ядролық нысан орналасқан маңда қатты жарылыс болды. Тегеранда да жарылыстар естілді, Мехрабад әуежайының шабуылға ұшырағаны хабарланды.
Израиль шабуылы кезінде ирандықтар діни мейрамға дайындықтарын жалғастырып жатқан — түнгі үш шамасында Тегерандағы Имам Хомейни алаңында адамдар әуе шабуылынан қорғану жағдайында Қадир Хом мейрамын қарсы алуға дайындалып жатқан видеолар тарады.
Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Амир Саид Иравани Израиль агрессиясын "соғыс жариялау" деп атады. Оның айтуынша, кейінгі шабуылдар салдарынан Иранда 78 адам қаза тауып, 320-дан астам адам жарақат алған.