15 сәу, 2024 сағат 10:00

15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні: «Қыз Жібек» фильмі үлкен экранға оралды


Фото: mysl.kazgazeta.kz


Қазақстанда 2011 жылы Еуропалық Валентин күніне баламалы мереке – «Ұлттық ғашықтар күні» пайда болды. Ол мерекенің бірінші жылында Алматыда қазақ стилінде мереке өткізу идеясын үлкен қуанышпен қабылдады және үлкен флешмоб ұйымдастырды, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат»


Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, жастар үшін махаббат сөздерін қашан және жылына қанша рет айту маңызды емес.  Ал биыл 24kz арнасының хабарлайынша, Қозы Көрпеш – Баян сұлу" – ғашықтар күніне орай, қазақ киносының маржанына айналған "Қыз Жібек" фильмі үлкен экранға оралды. Жарты ғасырдан бері сыры кетсе де, сыны кетпеген классикалық картинаның жабық көрсетілімі Halyk IMAX Kinopark16 кинотеатрында өтті.


Салтанатты шараға Меруерт Өтекешева мен Асанәлі Әшімов қатысты. Көрсетілімнен түскен қаржы қайырымдылыққа жұмасалады.


"Қыз Жібек" жыры мен фильмі – қазақ өнерінің шоқтығы биік туындысы. Алғаш рет 1970 жылы жарық көрген туынды ұзақ жылдардан кейін үлкен экранда көрерменімен қауышты. Бүгіннен бастап еліміздегі барлық Kinopark & Kinoplexx кинотеатрларынан көрсетіледі. Бұл киножоба "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" – ғашықтар күніне арналған.


"Қыз Жібек" фильмі – классика. Баяғыда біздің Сұлтан ағамыз режиссер осы фильмді қойып, жалпы мынау, қараңызшы, Ғабит Мүсірепов сценарий жазған. Мынау музыканы кім жазған? Нұрғиса Тілендиев. Бүкіл костюмдерін тіккен, декорация біздің Гулфайруз Исмаилова", - дейді Меруерт Өтекешова.


Классикалық картина төрт күн көрсетіледі. Осы уақыт аралығында жиналған қаражат еліміздегі су басқан өңірлерге әлеуметтік көмек ретінде аударылады. Игі бастамаға кез келген тұрғын кино көру арқылы атсалыса алады.


"Киноны телевизордан көру бар, ал экраннан көру мүлдем басқа. Сондықтан да осы бір әсерді қайтадан көрермендерге сыйлау бағытында біз осы жобаны жасадық және бұл тек қана басы ғана. Біз әрбір маусым сайын қазақтың алтын қорындағы киноларды бүкіл Қазақстан бойынша осы Kinopark & Kinoplexx кинотеатрларынан көрсетіп тұратын боламыз", - деді "Қазақфильм" АҚ президенті Азамат Сатыбалды.


Айта кетейік, Қозы мен Баян күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Дархан Мыңбайдың бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты датасы көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлай бастады. 


2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық "Ақсүйек "ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.