Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 14 желтоқсаннан бастап Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналып өту жолы) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 18-230-шақырымында (Астана қаласы – Щучинск қаласының бақылау-өткізу пункті) автокөліктің барлық түрі үшін жылдамдық шегі сағатына 80 шақырымнан 60 шақырымға дейін төмендетілді.
Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) учаскесінде қыс аяқталғанша сақталады.
Көліктің барлық түрі үшін жабық жолдар
Павлодар облысы
• «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» көлік айрығы учаскесі (Қалқаман кентіне кіреберіс және Астана бағытына шығу).
Ақмола облысы
• «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолының 16-200-шақырымы (Астана қаласы – Павлодар облысының шекарасы);
• осы автожолдың 200-254-шақырымы (Ақмола облысының шекарасы – Шідерті кенті);
• «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 445-595-шақырымы (Державинск қаласы – Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы).
Солтүстік Қазақстан облысы
• «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 595-671-шақырымы (Ақмола облысының шекарасы – Тоқсан би кенті).
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер 16 желтоқсан күні Астанада және еліміздің 17 облысының тұрғындарына ауа райының бұзылуына байланысты ескерту жасаған еді.
