25 сәу, 2026 сағат 14:08

Жарысқа бара жатқан үш жасөспірім жолда қаза тапты


Фото: gov.kz


Түркістан облысында жарысқа жолға шыққан жасөспірімдер жол апатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға 22 сәуір күні Арыс–Шардара тасжолында болған, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.


Алдын ала мәліметке сәйкес, «Chevrolet Cobalt» пен «КамАЗ» соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлікте отырған үш жасөспірім оқиға орнында қайтыс болды.


Көлікті басқарған жүргізуші мен тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді. Ал жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.


Белгілі болғандай, көлікте жаттықтырушы және кәмелетке толмаған спортшылар болған. Олар Түркістан қаласына жарысқа бара жатқан. Алайда балаларды тасымалдау туралы тиісті органдарға алдын ала хабар берілмеген.


Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.