Фото: Ticketon.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігі Халықаралық музейлер күніне орай Қазақстандағы музей саласының негізгі көрсеткіштері мен жетістіктерін ұсынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстанда 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған, ал музейлерге жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді.
Тек өткен жылдың өзінде республикалық музейлер 1,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оның ішінде 187 көрме өтіп, оларды 800 мыңға жуық адам тамашалады. Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» залы ашылып, «Қазақстанның Тәуелсіздігі» залының реэкспозициясы жүргізілді. Мұндай жобалар Қазақстан тарихының маңызды кезеңдерін жаңаша танытып, оның мазмұнын тереңірек ашуға мүмкіндік береді.
Музей саласын цифрландырудың да маңызы ерекше. Бұл жұмыс музейлермен қатар музей-қорықтарда да жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Қазірдің өзінде келушілерге ыңғайлы әрі заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін электронды кіру жүйесі енгізілді. Сонымен бірге E-museum бірыңғай цифрлық кеңістігі дамып келеді. Бұл жүйеге еліміздің барлық 20 өңірінен 284 музей қосылды. Цифрлық каталогқа музей қорының 66 мыңнан астам бірлігі енгізіліп, 750 үшөлшемді модель жасалды, 15 виртуалды тур қолжетімді болды.
"Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи сананы жаңғыртуға, мәдени мұраны сақтауға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Жаңа Конституциямыздың құндылықтар жүйесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация адам капиталын дамыту мен жасампаз қоғам қалыптастырудың маңызды негіздері ретінде ерекше мәнге ие болды. Сондықтан қазіргі музей – мұраны сақтайтын орын ғана емес, тәрбие, ағарту және ұлттық болмысты нығайту ісінің маңызды арқауы", - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Еске салайық, бүгін кешке еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Музейлер түні» акциясы өтеді. Қазақстанның музейлері мен музей-қорықтары келушілерге есігін ерекше форматта ашып, кешкі экскурсиялар, көрмелер, интерактивті бағдарламалар, шығармашылық кездесулер мен мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұсынады.
