Фото: Үкімет
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматыдағы Алматы-1 вокзалы нысанында жүргізіліп жатқан реконструкция жұмыстарының барысын тексеріп, жобаның баяу қарқынын сынға алды деп хабарлайды Ult.kz.
Мәліметке сәйкес, вокзалды жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталған. Алайда жоба-сметалық құжаттаманы мемлекеттік сараптама порталына жүктеу аяқталғанымен, тиісті ұйғарым тек 2026 жылдың 11 тамызына жоспарланған.
Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, вокзалдағы жөндеу жұмыстары жолаушыларға айтарлықтай қолайсыздық туғызып отыр. Жаз мезгілінде нысан арқылы тәулігіне шамамен 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық адам қатынайды.
«Үкімет басшысының Алматы-1 вокзалындағы жаңғыртудың барысын көру тапсырмасымен келгенде, "Қазақстан Темір жолының" жұмысындағы кемшіліктерді байқадық. Вокзалға жаз мезгілінде тәулігіне 12 мың, ал қыста 7 мыңға жуық жолаушы келіп-кетеді. Қазір оларға жыл он екі ай қолайсыз жағдай туындаған. Жоспарланған жұмыс соңына жетпей, жолаушылар қиындық көруде. Алып шаһарда орналасқан аса маңызды нысандағы жұмыс қарқыны мүлдем сын көтермейді. Жазғы демалыс маусымы басталатын уақыт болды. Сондықтан жұмысты жеделдету керек», – деді ол.
Фото: Үкімет
Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары елімізде бір мезетте 121 вокзалды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, бұл жоба Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен жүзеге асырылып отырғанын жеткізді.
«Еліміздің тарихында бір мезетте 121 вокзалды жаңғырту жұмыстары бұрын-соңды болмаған. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен қолға алынған осы маңызды жобаны сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру керек. "Қазақстан Темір жолы" басшылығына Алматы-1 вокзалындағы жұмысты тез арада аяқтауды тапсырамын. Қала әкімдігі жұмыс барысын, қарқынын күнделікті қадағалауы керек. Бұл мәселе Үкіметтің қатаң бақылауында», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар Қазақстан Темір жолы басшылығына жөндеу жұмыстарын жедел аяқтау тапсырылды.
