15 мам, 2026 сағат 12:41

Қарыздан құтылу: елде ондаған мың адам банкрот деп танылды


Фото: freepik


Қазақстанда 66 мыңнан астам азамат ресми түрде банкрот деп танылды. Олардың жалпы 250 млрд теңге қарызы есептен шығарылады, деп хабарлайды Ult.kz.


Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Меруерт Сисембаева мәлімдеді. Оның айтуынша, банкроттықтың екі негізгі рәсімі бойынша айтарлықтай нәтиже бар.


Соттан тыс банкроттық аясында шамамен 65 мың азамат банкрот мәртебесін алған. Бұл санат бойынша 132 млрд теңгеге жуық қарыз кешірілуі тиіс. Ал сот арқылы жүргізілген рәсім бойынша 632 адам банкрот деп танылған.


Жалпы алғанда, екі рәсім бойынша 66 600 азаматтың 250 млрд теңге көлеміндегі берешегі есептен шығарылады.

Сонымен қатар үшінші тетік – төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі де қолданылып жатыр. Қазіргі таңда ол 1118 азаматқа қатысты іске асқан. Оның ішінде 402 адамның төлем жоспары бекітіліп, олар қарызын кесте бойынша өтей бастаған.


Айта кетейік, бұған дейін 400 мыңға жуық қазақстандық банкроттық рәсіміне өтініш беруге ниетті екені хабарланған.