Фото: Алматы әкімдігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жас мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің арнайы құттықтау хатын Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ақынның шаңырағына барып табыстады.
Құттықтау хатында Мемлекет басшысы Олжас Сүлейменовтің тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де беделді тұлға екенін атап өтті. Оның терең ойлы поэзиясы мен гуманистік ұстанымы ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың алтын қорына айналғаны ерекше айтылды.
— Сіздің бірегей шығармашылығыңыз қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртып, рухани кеңістігін кеңейтті. Сіз қалдырған мұра – ұлттың ғана емес, адамзаттың ортақ игілігі, — делінген Президент жолдауында.
Кездесу барысында қала әкімі қаламгердің әдебиетке, қоғамдық ойға және ядролық қаруға қарсы қозғалысқа қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті. Әсіресе, Сүлейменов бастамашы болған «Невада–Семей» қозғалысының ядролық сынақтарға қарсы күрестегі тарихи рөліне тоқталды. Бұл қозғалыс әлемдік антиядролық қозғалыстың символына айналып, Семей полигонының жабылуына тікелей ықпал еткені белгілі.
Олжас Сүлейменов — XX–XXI ғасырлар тоғысындағы қазақ руханиятының ірі тұлғасы. Ол тек ақын ғана емес, ойшыл, түркітанушы, дипломат ретінде де әлемдік деңгейде танылды. Оның шығармалары көптеген тілге аударылып, халықаралық оқырманның жоғары бағасына ие болды.
Бүгін ұлт мақтанышына айналған қаламгер 90 жасқа толып отыр. Бұл мерейтой – бір адамның ғана емес, тұтас дәуірдің, руханияттың салтанаты.
