18 қаң, 2024 сағат 17:30

2023 жылы қазақстандықтар VIP-нөмірлерге қанша қаражат жұмсады?

Фото: "Азаматтарға арналған үкімет" баспасөз қызметі

2023 жылы мамандандырылған ХҚКО-лар 30 мыңға жуық жоғарғы сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлерін берді. Олар үшін көлік иелері 10 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

2022 жылмен салыстыратын болсақ, қазақстандықтардың VIP-нөмірлерге жұмсаған қаражаты 7 млрд теңгеден асқан.

"010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 нөмірлері - 2023 жылы ең жылдам сатылған нөмірлер. Әр нөмірдің бағасы 57 АЕК-ті (2024 жылы 210 444 теңге) құрайды.

VIP-нөмірлер қатарындағы әріптері бірдей ең қымбат сандар 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 сандары екенін атап өтеміз. Мұндай әрбір нөмір көлік иесі үшін 285 АЕК (2024 жылы 1 052 220 теңге) тұрады" - делінген хабарламада.

Жалпы, 2023 жылы республика бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 3,2 миллионнан астам көлік тіркеліп, 1,1 миллион жүргізуші куәлігі берілген.

Еске сала кетейік, Қазақстанда VIP-нөмірлерді сату тәжірибесі 2014 жылы енгізілген. Сатудан түскен қаржы ел бюджетіне түседі.