31 нау, 2026 сағат 10:50

270 жеке емшара кабинеті жұмысын тоқтатты: заңсыз қызметке бақылау күшейді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында заңсыз медициналық қызмет көрсету мен емдеу стандарттарының бұзылуын анықтау мақсатында жеке емшара кабинеттеріне жүргізілетін бақылауды күшейтуде, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрлікке қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, жүргізілген мониторинг барысында 1900 жеке емшара кабинетінің 408-і тиісті лицензиясыз жұмыс істегені анықталған.

Тексеру нәтижесінде 270 емшара кабинеті өз қызметін ерікті түрде тоқтатты. Сонымен қатар, бірқатар нысандар қызметін заңдастыруға ниет білдіріп, рұқсат құжаттарын рәсімдеуге кіріскен. Тағы 116 нысанға қатысты жоспардан тыс тексерулер басталған.

Аяқталған тексерулер қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі заңбұзушылықтар тіркелді. Атап айтқанда, медициналық қызметті лицензиясыз жүзеге асыру, санитариялық талаптарды сақтамау, дәрілік заттарды дұрыс сақтамау, білікті мамандардың жетіспеуі және шұғыл көмек көрсетуге арналған қажетті құралдардың болмауы анықталған.

Бақылау шаралары нәтижесінде 147 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 16 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Министрлік өкілдері қабылданып жатқан шаралар ең алдымен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, медициналық қызмет сапасын арттыруға және заң талаптарының сақталуын бақылауға бағытталғанын атап өтті.