Фото: видеодан скриншот
Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасауға әрекеттенген ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде медицина қызметкерлері түсірген видео тараған болатын. Кадрларда қолына пышақ ұстаған ер адамның жедел жәрдем көлігінің есігін жұлқылап тұрғаны көрінеді. Оның мас күйде болғаны анық байқалады. Полиция бұл оқиғаның Жетісу ауданында болғанын растады.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жедел медициналық көмек бригадасы шақырту бойынша науқасқа келген. Алайда сол жерде болған науқастың ұлы мас күйінде агрессивті әрекет жасап, айналасындағыларды қорқытып, қолындағы пышақты көрсеткен.
Оқиға орнына дереу полиция шақырылып, құқық бұзушы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетейік, бұл бап медицина қызметкерлеріне немесе жедел жәрдем жүргізушісіне күш қолданғаны үшін жауапкершілік қарастырады. Мұндай әрекет үшін 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.
