10 сәу, 2026 сағат 10:52

4 миллиард теңге: Грузияда жасырынған күдікті Қазақстанға қайтарылды


Фото: видеодан алынған скрин


Аса ірі көлемдегі ұрлыққа күдікті Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды. Операция Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің үйлестіруімен, Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асты, деп хабарлайды Ult.kz.


Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті компания басшысы бола отырып, алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге мемлекеттік сатып алу талаптарын айналып өткен. Ол спутниктік және телекоммуникациялық жабдықтарды жалға алу бойынша заңсыз келісімшарт жасасып, сеніп тапсырылған қаражатты жымқырған.


Аталған схема арқылы «Транстелеком» АҚ-ға келтірілген шығын көлемі 4 миллиард теңгеден асқан.


Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті елден қашып, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанның сұрауы бойынша елге қайтарылды.


Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар дәлелденген жағдайда, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.