10 сәу, 2026 сағат 13:24

"Балам ауыр халде жатыр": Әріптестерін алдап ақша жинаған әйел сотталды

Фото: ашық дереккөз

Астана қаласының прокуратурасы елордада әріптестерін алдап, жалған ақпарат арқылы ақша жинаған әйелге қатысты сот үкімі шыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, Байқоңыр ауданының прокуратурасы алаяқтық дерегі бойынша мемлекеттік айыптауды қолдаған. Сотталған әйел декреттік демалыста жүріп, бір жыл бойы әріптестерін жүйелі түрде жаңылыстырып отырған.

Ол отбасында қайғылы жағдайлар орын алғаны туралы, соның ішінде анасының қайтыс болғаны және баласының ауыр хәлде екені жөнінде көрінеу жалған мәліметтер таратқан. Әйелдің сөзіне сенген әріптестері оған жанашырлық танытып, көмек көрсету мақсатында ақша аударып отырған.

Нәтижесінде жәбірленушілерге 2 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген.

Сот жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда айыпталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін және келтірілген залалды ішінара өтеуін ескерген. Осыған байланысты оған 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленіп, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.