17 сәу, 2026 сағат 15:51

4 жылдан кейінгі алтын: Әділет Алмат дзюдодан Азия чемпионы атанды

Фото: Olympic.kz

Дзюдодан Қытайдың Ордос қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Әділет Алмат алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Ult.kz.

81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, тәжікстандық Сомон Махмадбековпен белдесті. Тартысты өткен кездесуде Әділет Алмат қарсыласын ауырту әдісімен жеңіп, құрлық чемпионы атанды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы дзюдодан Азия чемпионатындағы алтын жүлдені 4 жылдан кейін қайта иеленді. Бұған дейін 2022 жылы Астанада өткен додада Данияр Шамшаев топ жарған болатын.

Айта кетейік, бұл – Әділет Алматтың ересектер арасындағы Азия чемпионатындағы алғашқы жүлдесі. Ол бұған дейін 2023 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанған.

Жарыс барысында қазақстандық спортшы бірнеше мықты қарсыласты жеңіп шықты. Атап айтқанда, 1/8 финалда қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті, ширек финалда отандасы Абылайхан Жұбаназарды, ал жартылай финалда тәжікстандық Бехрузи Хожазоданы ұтты.