17 сәу, 2026 сағат 13:58

Алматылық спортшы таэквондодан әлем чемпионатында қола жүлде иеленді

Фото: Алматы әкімдігі

Алматылық спортшы Әлидар Әбдікәрімов Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы таэквондодан (WT) әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Ult.kz.

16 жастағы спортшы 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, бірнеше қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға дейін жетті. Бұл кезеңде Өзбекстан өкіліне жол беріп, жарысты қола жүлдемен аяқтады.

Дүбірлі додаға 100-ден астам елден мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Бұл жарыстың бәсекелестік деңгейі өте жоғары екенін аңғартады.

Қалалық Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, алматылық спортшы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына маңызды жүлде салды.