15 мам, 2026 сағат 12:24

400 мың төлеп, жұмыс таппаған астаналық әйел делдалды сотқа берді


Фото: baq.kz


Еуропадан жұмыс табамын деп делдалға 400 мың теңге төлеген астаналық әйел ақыры сотқа жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ult.kz.


Астана соттарының мәліметінше, қала тұрғыны кәсіпкермен келісімшарт жасасып, шетелден жұмыс табуға көмектесу қызметіне тапсырыс берген. Қызмет құны 600 мың теңге болып белгіленіп, әйел алдын ала 400 мың теңге төлеген.


Келісімге сәйкес, кәсіпкер тек ақпарат берумен шектелмей, бос жұмыс орындарын іріктеу, кеңес беру, дағдыларын бағалау, құжаттарды дайындау және шетелдік жұмыс берушіден мақұлдау алуға дейінгі барлық процесті қамтамасыз етуі тиіс болған. Алайда бірнеше ай өтсе де, нақты нәтиже болмаған.


Ақшасын қайтаруды талап еткен кезде кәсіпкер қызмет толық көрсетілді деген акт жолдаған. Бірақ клиент оған қол қоюдан бас тартып, сотқа жүгінді.


Сот барысында кәсіпкердің тек жалпы кеңес сипатындағы ақпарат жолдап, өтініш берушінің деректерін шетелдік серіктеске жіберумен шектелгені анықталды. Ал нақты жұмыс іздеу, сұхбат ұйымдастыру немесе жұмыс берушіден келісім алу бойынша ешқандай дәлел ұсынылмаған.


Нәтижесінде сот төленген қаражатты, моральдық өтемақыны және сот шығындарын өндіріп беру туралы шешім шығарды. Шешім заңды күшіне енді.