15 мам, 2026 сағат 12:30

Жаңаөзенде арбадағы жігітті ұрған қоғам белсендісі ұсталды


Фото: inbusiness.kz


Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында арбаға таңылған мүгедектігі бар жігітке күш көрсетіп, қорлаған деген күдікпен қоғам белсендісі ұсталды. Оқиға туралы 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы хабарлады.


Қазіргі уақытта күдікті тәртіп сақшыларының бақылауында, оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.


Желіде тараған видеода ер адамның бөлме ішінде бір әйелмен жанжалдасып жатқанын көруге болады. Артынша ашуға булыққан ол арбадағы жігітті төсекке жатқызып, бірнеше рет бетінен шапалақпен ұрған. Өзін қорғай алмаған жәбірленуші айқайлап, қарсылық көрсетуге тырысқанымен, шамасы жетпеген. Кейін де оған қысым көрсетілгені байқалады.


Күдіктінің сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттеріне барған-бармағаны әзірге белгісіз. Құзырлы органдар барлық мән-жайды анықтап жатыр.


Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда мүгедектігі бар азаматты қайыр сұрауға мәжбүрлеген жағдай қоғамда резонанс тудырған болатын. Тергеу барысында оның күнделікті тапқан табысын бұрын сотталған адам иемденіп отырғаны белгілі болған.