20 қар, 2025 сағат 12:20

Абай облысында індетке байланысты бірқатар мектеп сыныптары онлайн оқуға ауыстырылды


Фото: forbes.kz


Абай облысында маусымдық инфекциялардың өршуіне байланысты бірқатар мектептерде оқыту форматы уақытша онлайн түріне ауыстырылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.


Мәліметке бойынша, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы 22 тамыздағы №6 қаулысына сәйкес, сыныптағы науқастар саны 30 пайыздан асқан жағдайда сабақтар қашықтан жүргізіледі.

Қазіргі таңда өңірде 10 073 оқушы онлайн оқуға көшірілген. Оның ішінде 9 870 бала – Семей қаласының оқушылары. Сонымен қатар Ақсуат, Аягөз және Бесқарағай аудандарында 203 оқушы мектепке бармай, қашықтан білім алып жатыр.


Бүгінде облыстағы 304 мектепте 99 391 оқушы оқиды. Оның 246-сы дәстүрлі форматта жұмыс істеп тұр, ал 58 мектепте жекелеген сыныптар уақытша онлайн оқытылуда.


Ведомство мамандары бұл шаралар маусымдық инфекциялардың таралу қаупін төмендетуге бағытталғанын атап өтті. Дәрігерлер ата-аналарды балалардың жағдайын жіті бақылап, сырқат белгілері байқалған жағдайда дәрігерге жүгінуге шақырды.