16 қаз, 2023 сағат 16:33

Әділет министрі бейәдеп сөзбен аталған компания тағдыры не болғанын айтты

Фото: Әділет министрлігі

Әділет министрі Азамат Есқараев БАҚ өкілдерімен өткен брифингіде атауын бейәдеп сөзбен қойған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тағдыры не болғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Иә, хабардармыз. Біз бірден әрекет еттік. Жарты күннің ішінде тиісті аймақтың департаменті сотқа жүгініп, кәсіпорынды жауып тастады. Біз мұның себептерін де анықтадық. Заңды тұлғаларды құру туралы заңнаманы жеңілдеткен кезде аздаған ғана ақшамен онлайн форматта компания ашуға мүмкіндік ұсынылған екен», - деді ол журналист сұрағына берген жауабында.

Министр компанияны қалай атау әркімнің өз еркіндегі шаруа екенін айтады.

«Әділет департаменті оны тексермейді. Компанияны, білуімше, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы тіркеуге болады. Міне, бұл жеңілдік іс жүзінде біздің менталитетімізге де, мәдениетімізге де сәйкес келмейтін кәсіпорынның пайда болуына апарып соқты. Біз бірден шара қабылдап, оны жауып тастадық. Біз қазір заңды тұлғаларды тіркеу жөніндегі заңнаманы жетілдіруді пысықтап жатырмыз», - деді Азамат Есқараев.

Айтуынша, азаматтарға заңнамада мұндай әрекет үшін қандай да бір айыппұл санкциясы қарастырылмаған.

«Өкінішке қарай, заңнама бұл тұрғыда нақты тыйым салуды көздейді деп айта алмаймын. Біз заңнаманы мемлекеттерді, кәсіпорындарды, заңды тұлғаларды құру мәселесін бақылауды күшейту тұрғысынан пысықтап жатқанымызды айттым, Жауапкершілік мәселесін шынымен қарастыру қажет. Мүмкін адам шынымен әзіл үшін осындай заңды тұлғаны құруға бастама қылған шығар. Менің түсінуімше, қоғам бұл идеяны қатты ұнатпады», - деді Әділет министрі.

Еске салсақ, бірнеше ай бұрын БАҚ-та атауы бейәдеп сөздерден құралған клуб туралы мәлімет тараған болатын.