21 жел, 2023 сағат 12:57

Әділет министрлігі авторлардың құқығын бұзатын караоке-барларды жаппай тексере ме?

Фото: ашық дереккөзден

Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли авторлардың құқығын бұзатын караоке-барларды жаппай тексеруге қатысты пікір білдірді,  деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Күні кеше кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында «Әділет министрлігі караоке-барларда айтылатын әндер үшін жаппай тексеріс жүргізіп, авторлық құқықтың бұзылғаны туралы хаттама толтырып, айыппұл салады» деген ақпарат тарады. Бұл ақпарат сәл бұрмаланған», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, караоке-барларда орындалатын ән үшін автормен келісім жасалып, 3 АЕК мөлшерінде жарнасы төленуі керек. Содан кейін ғана орындауға болады. Тіпті, бұл үшін Қылмыстық кодекс аясында жауапкершілік те қарастырылған.

«Бірақ Әділет министрлігі «караоке-барларды тексереді, жабады, қысым көрсетеді» деген әңгіме шындыққа жанаспайды. Керісінше қазір Әділет министрлігі авторлық құқықтың бұзылуын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыруға, яғни қылмыс деп танымауға белу буып отыр. 2024 жылдан бастап осы жұмыстарға кіріседі. Қандай да бір авторлық құқық бұзылса, онда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатын болады. Ал караоке-барларға қатысты Әділет министрлігі қандай да бір тексеру өткізбейді. Дегенмен қоғамдық жерде ән не шығарма орындалып, сол туындының авторы құқығының бұзылғандығын айтып, Әділет министрлігіне шағымданса, онда заң аясында тексеріс жүргізіледі. Караоке-барларда көбіне халық әндері, жекелеген авторлардың әндері орындалады. Егер ән авторының қайтыс болғанына 70 жылдан астам уақыт өткен болса, ол халықтың қазынасы ретінде танылып, орындалғаны үшін ешқандай айыппұл салынбайды», - деді Талғат Уәли.