04 жел, 2023 сағат 09:40

Air Astana әуе компаниясына 876 миллион теңге айыппұл салынды

Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспасөз қызметі

Air Astana әуе компаниясы 6 желтоқсаннан бастап билет бағасын төмендетуге міндеттелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен прокуратура органдары Air Astana-ға қатысты бірлесе тексеріс жүргізіп, оның қорытындысын сотқа тапсырған.

"Тексеру қорытындысы бойынша Air Astana әуекомпаниясы Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жанармай алымын негізсіз қолдануда көрсетілген үстем/монополиялық ережені теріс пайдаланғаны үшін 876 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алған кезде Air Astana жолаушылардың барлық санатынан 3500-ден 6500 теңгеге дейінгі мөлшерде жанармай алымын негізсіз алып, оны қолданудың мақсаты мен қағидатын іс жүзінде өз қалауынша реттегені анықталды" - делінген хабарламада.

Агенттік мәліметінше, отын алымы тасымалдауға арналған тарифтің қолданылу кезеңінде авиаотынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында ғана алынуы мүмкін, оны есептеу кезінде бұл өсімді ескеру мүмкін болмады.

Air Astana авиакомпаниясы мен Агенттік арасында ішкі бағыттар бойынша монополиялық/үстем бағыттардағы бағаны тежеуге бағытталған, атап айтқанда төмендегі міндеттерді көздейтін монополияға қарсы комплаенс жасалды:

біріншіден, 2023 жылғы 6 желтоқсаннан бастап жанармайға қосымша ақы қолдануды алып тастау (ұшу күніне қарамастан, 2023 жылғы 6 желтоқсанға дейін жанармайға үстеме ақы төленіп сатылған билеттерге қолданылмайды). Мәселен, Астана-Алматы бағытындағы билеттің орташа бағасы қазіргі 28 435 теңге орнына 24 435 теңге болады (бағаның төмендеуі - 14%), Алматы-Ақтау бағытында орташа баға қазіргі 37 568 теңгенің орнына 31 078 теңгені құрайды (бағаның төмендеуі - 17%);

екіншіден, 2024 жылдың соңына дейін ішкі бағыттар бойынша жолаушыларды авиатасымалдау қызметтерінің бағасын көтеруді шектеу;

үшіншіден, осы жылы және 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін Air Astana орташа және төмен бағамен сатылатын билеттерінің саны 70%-дан (яғни, Y, B, H брондау класының тарифтері бойынша тек 30%) төмен болмауы тиіс.

"Сондай-ақ, агенттік келесі жүйелі шараларға бастамашылық жасайды:

- Агенттіктің бастамасымен Көлік министрлігі «ауа еркіндігінің» 5-ші дәрежесіне қолжетімділікті кеңейту мақсатында шетелдік тасымалдаушылардың отандық авиакомпаниялармен қатар жекелеген әуежайларда маршруттар бойынша ұшуларды жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтетін шаралар қабылдады. Бұл шетелдік авиакомпаниялардың келуін ынталандыруға мүмкіндік береді, бәсекелестікке оң әсер етеді және тұтынушылардың таңдауын арттырады;

- Агенттік жанармай алымын алуды тоқтатуды көздейтін заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады" - делінген хабарламада.