04 қар, 2025 сағат 16:44

Ақмолада көктайғақ салдарынан 1000-нан астам көлік қозғалысы шектелді

Фото: ІІМ

Ақмола облысында бір ғана күн ішінде ауа райының қолайсыздығына байланысты қыстық дөңгелексіз жолға шыққан 1064 көліктің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

«Ауа райының күрт нашарлап, көктайғақтың түзілуіне байланысты Ақмола облысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Тек алғашқы күннің өзінде жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 1064 көлік қозғалысы шектелді», – делінген хабарламада.


Мұндай жағдайлардың көбі облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда – 430, Көкшетау қаласында – шамамен 100, қалғандары аудандық жолдарда тіркелген.

«Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, көптеген жүргізушілер жазғы дөңгелекпен жолға шығуды тәуекел етті. Қабылданған шаралар мен патрульдік қызметтің жұмысының арқасында сол күні зардап шеккен немесе қаза болған адамдар қатысқан жол апаттары тіркелген жоқ», – деді Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Абутәлипов.


Сондай-ақ патрульдік полицейлер қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсеткен.

Осы уақытта аймақтағы жол қызметтері көктайғақтың салдарын жою бойынша тәулік бойы жұмыс істеді.
Республикалық маңызы бар трассаларды өңдеуге 190 арнайы техника және 900 тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал пайдаланылған.