Фото: Reuters
АҚШ әуе күштері Иранның үш ядролық нысанына шабуыл жасаған, деп хабарлайды Ult.kz.
Бомбалау операциясына қатысқан ұшақтардың бірі Фордо қаласындағы уран байыту зауытына «толық оқ-дәрі қорын» тастаған. Фордо нысанымен бірге Натанз және Исфахандағы объектілер де шабуылға ұшыраған.
Соққыларды GBU-57 бункерге қарсы бомбаларын алып ұша алатын стратегиялық B-2 бомбалаушылары жасаған. Ал Израиль соққыларға дейін алдын ала ескертілген.
АҚШ шабуылдарынан кейін Израильдің Қорғаныс армиясы көшедегі жиналыстарға және көптеген кәсіпорындардың жұмысына тыйым салу арқылы шектеулерді күшейтіп отыр.
Трамптың өзі де шабуылдан кейін Нетаньяхуға алғыс айтып, олардың «бір команда секілді» жұмыс істегенін айтты. Бұл шабуылдан кейін Трамп ұлтқа үндеу жасап, «шабуылды сәтті» деп атады. Алайда ол әлі жойылмаған нысандар бар деп отыр.
Трамптың сөзінше, АҚШ соққысының мақсаты — Иранның ядролық мүмкіндігін шектеу. Оның сөзінше, «Таяу Шығыстағы бұзақы – Иран» енді бейбіт келісімге келуге тиіс. Егер Иран мәселесі шешілмесе, АҚШ жаңа соққылар жасауға дайын.
Иран билігі АҚШ шабуылдарын растап отыр. Алайда Иранның атом энергиясы агенттігі уран байытуды жалғастыра береміз дейді, сондай-ақ артынша Израильге шабуылдарын жалғастырды. Йемендік хуситтер де АҚШ соққыларын айыптап, оған жауап беруге уәде етті.
Бұған дейін Әли Хаменей, АҚШ араласса, оған жауап береміз деп мәлімдеген. Ал БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш АҚШ шабуылын «қауіпті эскалация» деп атады. Ол тараптарды дипломатияға шақырды.