07 нау, 2023 сағат 13:19

АҚШ құқық қорғаушы Төреғожинаға "Батыл әйел" халықаралық сыйлығын тағайындады

Фото: Азаттық

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина АҚШ мемлекеттік хатшысының "Батыл әйел" халықаралық сыйлығын иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Бұл сыйлық 17 жыл қатарынан өз өмірін қауіпке тіге отырып, адам құқығын қорғаумен айналысқан әйелдерге беріліп келеді.

Биыл марапаттау рәсімі алғаш рет Ақ үйде өтпек. Оған Төреғожинадан бөлек, әлемнің өзге елдерінен 10 әйел іріктелген.

АҚШ мемлекеттік департаменті қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның 25 жыл бойы адам құқығын қорғаумен айналысқанын, 2022 жылғы қаңтардан бері Қаңтар оқиғасының құрбандарына көмек беру және оқиға кезінде адам құқығы бұзылғанын құжаттау жөніндегі Qantar 2022 коалициясына жетекшілік еткенін атап өткен.

"Кәсіби жолында Төреғожина азаптау, зорлық-зомбылық және саяси қудалау құрбандарының мәселесін қозғауда белсенді болды...

...Осы жұмысты атқарғаны үшін қорқытып-үркітуге және харассментке душар болды. Оның ондаған жылға ұласқан еңбегі құқық қорғаушылардың үкіметке жауапкершілік жүктеуде, адам құқықтары мен бостандықтарын нығайтуда зор рөл атқаратынын дәлелдеп отыр" - деп жазды мемлекеттік департамент.

Қазір Вашингтонда жүргенін айтқан Бақытжан Төреғожина бұл сыйлықты кәсіби қызметі мен Қаңтар оқиғасын құжаттаудағы белсенділігі үшін алғанын мәлімдеді.

"Куәгерлермен және зардап шеккендермен жүздеген сұхбат жазылды, жаппай оқ атудың мыңдаған құжаты, суреті және видеосы жиналды. Бұл жұмысты болашақта ешкім тарихты бұрмаламасын деп жасадық..." деп жазды құқық қорғаушы.