Фото: Khaama Press
АҚШ-тағы түрмеде отырған Венесуэла президенті Николас Мадуро 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай ел тұрғындарына үндеу жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Саясаткердің ұлы Николас Мадуро Герра әлеуметтік желіде жариялаған үндеуде ол отандастарын өзіне сенімін жоғалтпауға шақырып, ел барлық қиындықты еңсеретініне уәде берген.
"Иса бізге былай үйреткен: егер сендер сенімге ие болып, күмәнданбасаңдар, тіпті тауға да "көтеріліп, теңізге құла" деп айтсаңдар, солай болады. Бізге кейде жолымызды бөгейтін қиындық тауын қозғап, оларды отанымыз үшін еркін жолға айналдыратын шынайы әрі ортақ сенім бер", - деген ол.
Еске салайық, 2026 жылғы 3 қаңтарда АҚШ арнайы күштері Венесуэла астанасы Каракаста операция жүргізіп, Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес-ті ұстап әкеткен.
АҚШ билігі Мадуроны есірткі саудасы, «наркотерроризм» және қару-жараққа байланысты қылмыстар бойынша айыптап отыр.
Ол АҚШ сотында өзін кінәсізбін деп мәлімдеген және қазір ісі бойынша сот процесін күтуде.
Тақырып бойынша: Мадуро Нью-Йоркте өткен алғашқы сот отырысында кінәсіз екенін мәлімдеді
Бұл операцияны кейбір елдер халықаралық құқықты бұзу деп сынға алды, ал кейбір венесуэлалық оппозиция оны қолдады.
Мадуро ұсталғаннан кейін Венесуэлада уақытша билікті вице-президент Делси Родригес атқарып отыр.
