Фото: ашық дереккөз
Осы арада АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла аумағындағы, соның ішінде әскери нысандарға соққы жасау туралы бұйрық бергені хабарланды. Бұл туралы америкалық ресми тұлғалар серіктесіміз — CBS News телеарнасына хабарлаған.
Бұған дейін Венесуэла астанасы Каракаста бірнеше жарылыс болғаны мәлімделген еді.
Президент Мадуро елде төтенше жағдай жариялады. Ол елдің АҚШ тарапынан әскери шабуылдарға ұшырағанын мәлімдеді. Ол барлық Латын Америкасы елдерінің үкіметтерін АҚШ-қа қарсы шығуға шақырды:
"Тәуелсіздік немесе өлім. Отан, социализм немесе өлім. Біз жеңеміз. Бұл шабуылдың мақсаты — Венесуэланың стратегиялық ресурстарын, әсіресе мұнайы мен пайдалы қазбаларын басып алу, сондай-ақ елдің саяси тәуелсіздігін күшпен жою. Бұған жол берілмейді. Тәуелсіздік алғанына екі жүз жылдан асқан уақытта да халық пен оның заңды үкіметі егемендікті қорғауда және өз тағдырын өзі анықтау деген ажырамас құқығын сақтауда берік болып қала береді", - деп мәлімдеді ол.
Боливарлық үкімет ел ішіндегі барлық қоғамдық және саяси күштерді жұмылдыру жоспарларын іске қосуға және бұл империалистік шабуылды айыптауға шақырады.
Осыған байланысты президент Николас Мадуро бүкіл ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойып, оның орындалуын тапсырды. Бұл шара халықтың құқықтарын қорғау, республикалық институттардың толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қарулы күреске жедел көшу үшін қабылданды. Елдің бүкіл халқы осы империалистік агрессияны жеңу үшін жұмылуы тиіс.
