05 мам, 2026 сағат 15:53

Ақшаңызды «қайтарып береміз» деген видео – алаяқтардың жаңа айласы

Фото: gov.kz


Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы әлеуметтік желілерде кең таралған жалған бейнероликке байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Ult.kz.


240 мыңнан астам қаралым жинаған видеода «онлайн консультация және қолдау көрсету» арқылы азаматтардың ақшасын қайтаруға көмектесетіні айтылған.

 

Алайда құзырлы орган бұл бейнематериалдың жасанды интеллект  дипфейк технологиясы арқылы жасалғанын мәлімдеді. Видео азаматтарды адастырып, қаржысын жымқыруға бағытталған.

 

Сонымен қатар роликте аталған «Инвестицияларды бақылау агенттігі» деген мемлекеттік орган Қазақстанда жоқ екені анықталды.

 

Мамандардың айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бейнесін пайдалану алаяқтардың сенімге кіру тәсілдерінің бірі.

 

Бас прокуратураның тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі аталған видеоны жасаған және таратқан тұлғаларды анықтау үшін тексеру бастады.

 

Ведомство азаматтарды сақ болуға шақырып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді ақпаратқа сенбеуге, белгісіз сілтемелерді ашпауға және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес берді.

 

Сондай-ақ мемлекеттік органдар ешқашан мессенджерлер немесе әлеуметтік желілер арқылы ақшаны қайтару қызметін ұсынбайтынын еске салды. Күмәнді жағдай туындаса, дереу құқық қорғау органдарына немесе 102 нөміріне хабарласу қажет.