Фото: polisia.kz
Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік жол апатынан кейін Республика күніне арналған мерекелік гала-концерт пен отшашуды өткізбеуге шешім қабылданды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Гала-концерт пен отшашу облыс орталығының алаңында өткізу жоспарланған болатын. Бірақ әкімдік мерекелік шараларды өткізбеуге шешім шығарды.
"Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! 25 қазан күні сағат 19:00-де "Қазақ халқына мың алғыс" алаңында өткізу жоспарланған гала-концерт пен отшашу өңірде болған қайғылы жағдайға байланысты өтпейтіндігін хабарлаймыз", - делінген ресми хабарламада.
Еске сала кетейік, кеше таңғы сағат 08:40 шамасында Ақтөбе облысында Белқопа ауылының маңында жантүршігерлік жол апаты болып, 12 адам көз жұмды. Олардың арасында екі бала бар. Аман қалған 6 жолаушы Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді.
