25 қаз, 2017 сағат 10:39

Ақышев: Мен әлі күнге дейін криптовалютаның не екенін түсінбеймін

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев криптовалютаның әлі күнге дейін не екенін түсінбейтінін айтып, қазақстандықтарды бұл қауіпті жүйеден сақтандырды, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Кәсіби тұрғыдан алып қарасам да, мен әлі күнге дейін криптовалютаның не екенін түсінбеймін. Бұл – бірыңғай орталықтандырылған органы жоқ, нақты шығарушысы жоқ құрал», - деді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.

Ол криптовалютаға қатысты қаржылық реттеу ұсыныстары Үкіметке жіберілгенін атап өтті.

«Ұлттық валютаны криптовалютамен есептеуге шектеу қойып, сонымен бірге мұны криптовалютамен жүзеге асыратын қандай да бір компаниялардың қызметіне тыйым салу секілді шарттарды күшейтуді ұсынып отырмыз. Криптовалютаны инвестициялауды қалайтын адамдардың активін сақтаумен қазір ешкім айналысқысы келмейді. Егер бұл құралдан шикілік шықса, криптовалютамен инвестиция жасайтындарға не болады? Олар мемлекетке «Неге уақытында ескертпедіңіздер?» деп келетінін біліп тұрмын. Сол себепті қазірден мұндай операциялар қауіпті екенін ескертемін», - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев.