Фото: ТЖМ
Атырау облысында «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің нақты себебі анықталмады. Бірақ адам факторының әсері болуы мүмкін екенін жоққа шығарылмады, деп хабарлайды Kazinform.kz.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев осындай пікірімен бөлісті.
– Қамыс өртінің болжамды себебі – адами фактор. Осы кезге дейін өрттің өздігінен тұтанатындай ауа-райы ыстық та, найзағай да болған жоқ. Қазір жинақталған материалдар полиция департаментіне жолданады, - дейді Нұрлан Жаңабаев.
Оның айтуынша, кеше кешкісін өрт шарпыған аумақ шамаммен 1515 гектарға жеткен. Кеше кешке дейін «Қазавиаспас» мекемесінің МИ-8 тікұшағымен 12 тонна су төгілген.
Қамыс өртін сөндіруге 150-ге жуық адам, 50-ге тарта техника тартылған.
Еске сала кетелік, Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі толық сөнбегенін жазған едік.
«Ақжайық» резерватындағы ахуал бақылау мұнараларынан тікелей көрсетіле бастады. Сондай-ақ 50 гектарда қамыс өрті сөндіріліп жатқанын жазған едік.