Фото: Egemen.kz
Алатау қаласын дамыту бойынша Үкімет ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, жаңа қаланың бас жоспары бекітіліп, арнайы экономикалық аймақ пен Жобалау кеңсесі құрылған. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық коммуникациялардың техникалық схемалары әзірленуде.
Бұл қадам Мемлекет басшысының өңірлерді орнықты әрі теңгерімді дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында іске асып отыр. Осы мақсатта Қазақстанның 2025–2030 жылдарға арналған өңірлік дамуы тұжырымдамасы қабылданды.
Бозымбаевтың айтуынша, құжатта макроөңірлер мен өсудің жаңа нүктелері негізінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлердің экономикалық әлеуетін ашу қарастырылған. Әсіресе инфрақұрылымы артта қалған аймақтарға республикалық бюджеттен басым қаржыландыру көзделген.
Сонымен қатар, моноқалаларды дамытуға арналған жаңа шаралар пысықталған. Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкерлер мен ірі зауыттар арасында ұзақ мерзімді шарттар жасау, индустриялық аймақтар құру, шағын және орта бизнесті дамыту – басты бағыттар қатарында.
Ауылдық жерлерді дамыту үшін "Ауыл – Ел бесігі" және "Ауыл аманаты" жобалары үйлестіріліп, Үкімет жанындағы Жобалау кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.
