14 қар, 2016 сағат 13:25

Алау эстафетасына дайындық жасалуда

Алматы қаласында 2017 жылы өтетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың Алауы еліміздің 15 аймағынан Алматы қаласына жеткізілмек. Жуырда Алау жағу эстафетасының бас репетициясы өтікізіліп, Алауды тасымалдайтын шыны сауыт тестіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Алмат Үшкемпіровтің айтуынша, Талдықорған қаласында өтетін Алау эстафетасына қазіргі таңда 2 жоғары оқу орнынан, мәдениет, медицина және спорт мекемелерінен 80-нен астам сұраныс келіп түскен. Арнайы комиссия отырысында соның ішінен 60 алаугер іріктеліп алынады. Қазіргі кезде қаланың ішімен алауды алып жүретін көшелер белгіленіп, маршруты жасалуда.

Естеріңізге салсақ, 2017 жылғы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында  XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада өтеді.   Халықаралық федерациясының (FISU) қолдауымен өтетін бұл халықаралық спорттық жарысқа 17-28 жас аралығындағы студенттер қатысады. Қысқы жарысқа 55 елден 2 мың спортшы қатысады деп жоспарлануда.

Универсиада кезінде шетелдерден және еліміздің аймақтарынан 3000 ерікті тартылады. Сонымен қатар 30 мыңдай шетелдік қонақтар мен туристер келеді күтілуде.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде қысқы Универсиаданы бірінші боп өткізіп отыр.