26 сәу, 2021 сағат 05:03

Алексей Цой отандық вакцинаны тікелей эфирде салдырды (Видео)



Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып отандық QAZVAC вакцинасы мен коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырды. Ведомство басшысының вакцина салдыру сәті Хабар24 телеарнасы мен министрліктің Facebook-тегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Вакцинаның алғашқы партиясы Биологиялық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі институтта 50 мың дозамен өндірілді. Институтымыз вакцинаны дербес өндіруге мүмкіндігі бар. Қазақстанда өндірілген дозалар барлық өңірлерге жіберілді. Мұнан ары өндірісті ұлғайта түсу үшін түрлі алаңдарды қарастырып жатырмыз. Бұл - түрік серіктестеріміздің алаңы. Сонымен Гвардейскийде өзіміздің зауытты салу үстіндеміз. Қазір ол мұнан ары іске қосу үшін құрал-жабдықтарын орнатудың барлық кезеңінен өтіп жатыр», - деді Алексей Цой тікелей эфирде QazCOVID-in вакцинасын алғаннан кейін «Хабар 24» телеарнасы тілшісіне берген сұхбатында.




Сонымен қатар ол қазақстандық вакцинаны Түркияда құюға қатысты уағдаластық пысықталып жатқанын баса айтты.

22 cәуір күні COVID-19-ға қарсы қазақстандық QazVac (QazCovid-in) вакцинасының алғашқы партиясы жөнелтілді.

QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізіледі.

Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылады.