Фото: polisia.kz
Атырау облысында полиция қызметкері жоғалып кеткен 7 жасар баланы небәрі 15 минут ішінде тауып, ата-анасына аман-есен тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға 10 мамыр күні шамамен сағат 17:30-да Махамбет ауданында болған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында учаскелік полиция инспекторы Алмас Қамидоллин көшеде ересектердің қарауынсыз жалғыз жүрген баланы байқайды.
Полицей бірден баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, онымен сөйлесу арқылы мән-жайды анықтаған. Белгілі болғандай, бүлдіршін үйінен шығып кетіп, жақындарын таба алмай қалған.
Алдын ала дерекке сәйкес, анасы үйде кіші баласына алаңдап жүргенде үлкен баласының сыртқа шығып кеткенін байқамай қалған. Осыдан кейін полиция қызметкері жедел түрде баланың тұрғылықты мекенжайын анықтап, ата-анасын іздестіруге кіріскен.
Нәтижесінде небәрі 15 минут ішінде, шамамен сағат 17:45-те, бала үйіне жеткізіліп, анасына табысталды.
Полиция ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға және олардың қауіпсіздігін үнемі бақылауда ұстауға шақырды.
