08 мам, 2026 сағат 10:30

Гараждағы «қара бизнес»: Семейде 154 келі марихуана тәркіленді


Фото:  Polisia.kz


Семей қаласында есірткі саудасының ірі арнасы әшкереленді. Жергілікті тұрғын өз гаражын заңсыз есірткі сақтайтын қоймаға айналдырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Polisia.kz.


Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі жеткізу арналарына қарсы күресті күшейтіп жатыр. Осы бағыттағы кешенді жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар нәтижесінде мамыр айының басында оңтүстік өңірлерден жеткізілген каннабис тобына жататын есірткінің жолы кесілді.


Тінту барысында 35 жастағы семейлік азаматтың гаражынан жалпы салмағы 154 келі болатын аса ірі көлемдегі марихуана табылып, тәркіленді. Тергеу мәліметінше, есірткі заттары Абай облысының аумағында тарату үшін арнайы целлофан қаптарға бөлшектеліп оралған.


Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары бұл іске қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.


ІІМ өкілдері есірткі жеткізу арналарына тосқауыл қою бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді.