Фото: ашық дереккөз
Шығыс Қазақстан облысында балабақша қаржысын жымқыру дерегі әшкереленді. Үлкен Нарын ауданының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында «Малонарым ауылының балабақша-бөбекжайы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында ірі көлемдегі заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Белгілі болғандай, мекеменің есепшісі үш жыл бойы өзінің және балабақша меңгерушісінің шоттарына негізсіз түрде артық жалақы аударып келген. Сонымен қатар салықтар мен міндетті төлемдерге арналған қаражат та жеке шоттарға бағытталған.
Салдарынан білім беру ұйымының 18 қызметкері ұзақ уақыт бойы заңда көзделген жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардан қағылған.
Жалпы есеп бойынша, балабақша басшылығы мен есепшісінің шоттарына 42 миллион теңгеден астам қаржы заңсыз аударылған.
Аталған дерекке байланысты аудан прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында да 108 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісі тіркелген болатын.
