Фото: Gov.kz
Мемлекет басшысының өкімімен Алексей Владимирович Цой Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ult.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Алексей Цой 1977 жылдың 2 сәуірінде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
2001 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын, 2007 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық ғылыми медициналық орталығын, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтын, 2015 жылы «Almaty Management University»-ді, 2016 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын, Лондондағы Sells College-ті бітірген.
Сондай-ақ АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде, Сингапурда, Мәскеуде, Германияда, Ұлыбританияда және басқа елдерде тағылымдамадан өткен.
Медициналық ғылымдар кандидаты (PhD), құқық бакалавры (LLB), іскерлік әкімшілендіру докторы (DBA).
Еңбек жолы:
-
2002–2007 жж. – эндоскопия бөлімінің дәрігері, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың аға ғылыми қызметкері; Республикалық клиникалық аурухана, Қазақ мемлекеттік медицина академиясының аспиранты;
-
2008–2009 жж. – Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығының директоры;
-
2010–2011 жж. – Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының бастығы;
-
2011–2014 жж. – №1 қалалық аурухананың бас дәрігері;
-
2014–2017 жж. – Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі;
-
2017–2019 жж. – Денсаулық сақтау вице-министрі;
-
2019–2020 жж. – Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы;
-
2020 ж. – Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі;
-
2020–2021 жж. – Денсаулық сақтау министрі;
-
31 қазан 2022 ж. – Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы болып тағайындалды.
Алексей Цой COVID-19 пандемиясы кезінде Денсаулық сақтау министрлігін басқарды.
Еске салайық, 25 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Президент көмекшілері Тамара Дүйсенова мен Қанат Шарлапаевты қызметінен босатты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Президент кеңесшісі Ернар Баспаев қызметінен босатылды.
Сол күні Президент кеңесшісі болып Бахытжан Сапиев тағайындалды.
