23 қыр, 2025 сағат 15:57

Alma Fest 2025 аясында 130 тоннадан астам алма сатылды

Фото: Алматы әкімдігі

Alma Fest 2025 аясында фермерлер рекорд жаңартты. Бір күннің ішінде 130 тоннадан астам алма сатылды. Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Алма фестивалі Алматыда жыл сайын Қала күніне орай өткізіледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Жәрмеңкеге 50-ден астам бау-бақша шаруашылығы қатысты. Олар атақты апортты, коллекциялық сұрыптарды және тауда өсірілген сирек будандарды ұсынды.

Фестивальге 120 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонақ келді. Қонақтар үшін үш үлкен сахна мен үш шағын алаң жұмыс істеді. Онда концерт, театрландырылған қойылым мен шеберлік дәрістері өтті.

Әсіресе, шеберлер аймағы ерекше орын алды: 58 шебер ағаштан, былғарыдан және металдан жасалған бұйымдарын көрсетті. Сонымен қатар 30-дан астам суретші көрермендердің көз алдында туындыларын салды. 

Қонақтардың жайлылығы үшін тамақтану орындары мен санитарлық пункттер ұйымдастырылды.