21 қар, 2025 сағат 16:01

Алматы облысында бірнеше көлік соқтығысқан ірі апаттан екі адам көз жұмды

видео кадры


Алматы – Өскемен тасжолының 94-шақырымында бірнеше көлік қатысқан ауыр жол апаты орын алып, салдарынан екі адам қаза тапты. Тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаменті.


Ресми мәліметке сәйкес, Changan көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, алда бір бағытта кетіп бара жатқан жүк көлігінің тіркемесіне соғылған. Қатты соққыдан кейін жеңіл көлік жол жиегіндегі қоршауға барып соқтығысқан.

Осы кезде артынан келе жатқан Toyota Estima Changan көлігіне соғылып, инерциямен жол жиегінде тұрған тағы бір тіркемеге барып тірелген.


Полицияның хабарлауынша, соққының күшімен Changan маркалы көліктің қозғалтқышы қарсы бағыттағы жолаққа ұшып барып, сол сәтте келе жатқан Ford Focus көлігіне тиген.


Апат салдарынан Changan көлігіндегі жолаушылар оқиға орнында қаза тапты. Ал осы көліктің жүргізушісі мен Toyota Estima жүргізушісі түрлі жарақаттарымен медицина мекемесіне жеткізілді.


Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық іс қозғалған.