Бүгін, 19 маусым күні Алматы қаласында Қазақстанның үздік мектеп командалары арасында шахмат турнирі басталды.
Бұл турнирдің жеңімпаздары 2025 жылы өтетін мектеп командалары арасындағы әлем чемпионатына FIDE World Schools Team Championship 2025) қатысу мүмкіндігіне ие болады. Ең мықты алты команда Александрия қаласында (АҚШ, Вирджиния штаты) 2025 жылғы 2-7 тамыз аралығында өтетін әлемдік біріншілікке жолдама алады. Жарыс Республикалық физика-математика мектебінде (Бұхар Жырау даңғылы, 36) өтіп жатыр және 20 маусымға дейін жалғасады. Бұл жөнінде Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлайды.
12 жасқа дейін (U12) және 18 жасқа дейінгі (U18) санаттарда сәйкесінше 21 және 20 команда бақ сынауда. Әр команда құрамында – бір мектептен шыққан үш ұл және бір қыз бар (2024-2025 оқу жылы үшін). Турнир швейцариялық жүйе бойынша өтуде: бірінші күні – 5 тур, екінші күні – 4 тур. Уақытты бақылау форматы – рапид 10+5 (әр партияға 10 минут және әр жүріс үшін қосымша 5 секунд). Әр санат бойынша үздік үш команда жүлделі орындарға ие болып, ақшалай сыйлықтармен марапатталады: 1-ші орынға – 350 000 теңге, 2-ші орынға – 250 000 теңге, 3-ші орынға – 150 000 теңге.
18 жасқа дейінгі категория фавориттері:
Бұл категорияда бес команда:
Алматыдағы РФММ (рейтингі – 2215): Эдгар Мамедов (2324), Зарина Нұрғалиева (2081), Иманғали Ахилбай (2288) – Лондонда өткен командалық рапид және блиц бойынша әлем чемпионатына қатысқан.
Астанадағы РФММ (2042): Ерғали Сүлеймен (2336), командалық блиц бойынша әлем чемпионатында 7-тақтада алтын медаль иегері, Ислам Әйтен (2037), сол чемпионатта әуесқойлар арасында рапидтен күміс жүлдегер.
Алматы қаласындағы М. Ганди атындағы №92 лицей (1992): Мирас Асылов (2268), 2024 жылғы әлем чемпионатында (О16) рапидтен күміс және блицтен қола жүлде иегері.
Алматыдағы №173 лицей (1953): Ерлан Тлеуханов (2078), Елназ Қалиахмет (2238) – 2025 жылғы Қазақстан чемпионы.
Астанадағы SEED Educational Complex (1941): Данис Қуандықұлы (2069), 2023 жылғы әлем чемпионы (О-10), Мария Холявко (1953), 2024 жылғы Азия чемпионы (G14).
12 жасқа дейінгі категория фавориттері:
Астанадағы РФММ командасы (1690) көш бастап тұр. Команда құрамында – Әміржан Әнетов (1926), 2025 жылғы әлем чемпионы (рапид және блиц, О-10) бар. Қарсыластары да осал емес: Ақтөбе қаласындағы Д. Қонаев атындағы гимназия командасы (1576) – Аманбек Өтетілеу (1859), Шымкент қаласындағы О. Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицей командасы (1562) – Нұрсай Жұмабек (1642).