10 қар, 2025 сағат 10:35

Алматыда балалар үйі асханасынан өрт шықты

Фото: Zakon.kz

Алматы қаласының әкімдігі 2025 жылдың 9 қарашасында Наурызбай ауданында орналасқан «Перзент» жеке қайырымдылық балалар үйіндегі өртке байланысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Ult.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, өрт шыққан сәтте мекемеде болған барлық 35 бала мен қызметкерлер дер кезінде эвакуацияланған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Балалар қауіпсіз аймақтарға жеткізіліп, оларға қажетті психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.

Өрттің таралу қаупі толық жойылған, ошақ оқшауланған. Оқиға орнында Алматы қаласы ТЖД бөлімшелері жұмысын жалғастыруда.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды оқиға орнына барып, жағдайды бақылауға алды. Сонымен қатар уақытша орналастыру, тамақтандыру және материалдық көмек шаралары ұйымдастырылғаны хабарланды.

Жағдай толық бақылауда.