14 сәу, 2026 сағат 17:39

Алматыда ЭКСПО құрылысы басталды: Медеу ауданында жерлер мәжбүрлі түрде алынуда

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда жаңа ЭКСПО-орталық құрылысына дайындық басталды. Жоба аясында Медеу ауданында орналасқан бірқатар жер телімдері мемлекет қажетіне алынып, иелеріне нарықтық бағамен өтемақы төленбек, деп хабарлайды Ult.kz.

Тиісті қаулы 2026 жылғы 26 наурызда қабылданған. Құжатқа сәйкес, болашақ көрме кешені Құлжа тас жолының шығыс бөлігінде салынады. Аумақ халықаралық көрмелерді, бизнес-форумдарды, концерттер мен ірі мәдени іс-шараларды өткізуге арналған көпфункционалды орталық болмақ.

Жалпы алуға жоспарланған жер көлемі шамамен 1 гектарды құрайды. Жер телімдерін мемлекет қажетіне алу процесі 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Ресми дерекке сәйкес, келесі аумақтардағы жерлер алынбақ:

Құлжа тас жолы, 92 (0,56 га)
Құлжа тас жолы, 70/2 (0,15 га)
Алматы – Қорғас автожолы бойындағы жер телімі (0,25 га)


Мемлекет жер иелеріне нарықтық бағамен өтемақы ұсынады. Егер меншік иелері ұсынылған сомаға келіспесе, дау сот тәртібімен шешілуі мүмкін.

Алматыда мемлекеттік қажеттілікке жер алу тек бұл жобамен шектелмейді. Қалада жаңа теміржол вокзалының құрылысына байланысты 50-ден астам нысанды бұзу жоспарланған. Сондай-ақ көшелерді кеңейту және метроның екінші желісін салу үшін де жер телімдері алынады.

Жалпы жоспар бойынша, 2026 жылдың соңына дейін Алматыда 1300-ден астам жер телімі мемлекет қажетіне өтуі мүмкін.

Бұған дейін қалада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу үшін 270 жер телімінің алынатыны хабарланған. Жоба Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарын қамтып, маршрут Алматы-2 вокзалынан Мөңке би көшесіне дейін өтеді. LRT желісін 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр.