Фото: Алматы әкімдігі
Алматы қаласында қоғамдық көлікте жолақы төлеудің қосымша тәсілі енгізілді. Енді жолаушылар Kaspi қосымшасы арқылы ONAY! QR кодын сканерлеу арқылы жолақысын төлей алады, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаладағы қоғамдық көліктерде жол жүруді тіркеудің жаңа форматы қолданысқа енгізілді. Атап айтқанда, жолаушылар автобус салонында орналасқан ONAY QR кодын Kaspi қосымшасымен сканерлеу немесе көлік кодын қолмен енгізу арқылы төлем жасай алады.
Жаңа функция жолақы төлеудің қолданыстағы ONAY! жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар жолаушылар бұрынғыдай дәстүрлі төлем тәсілдерін де пайдалана алады. Олардың қатарында ONAY! көлік картасы, көлік кодын енгізу арқылы мобильді қосымша, ұялы телефон балансынан SMS арқылы төлеу, ұзақ мерзімді жол жүру билеттері (оның ішінде жеңілдікпен берілетін), сондай-ақ Бірыңғай көлік картасы мен виртуалды билеттер бар.
Жаңа төлем тәсілі жолаушыларға ыңғайлы әрі қолжетімді жол жүру мүмкіндігін ұсынуға бағытталған.
